Шерзат Полаттың өлімі: қылмыстық іс бес бап бойынша тіркелді

Ербол Тұрымбет

3 адам қылмысты хабарламады деген күдікке ілінген

Фото: Halyq Uni

Алматы облысы Талғар қаласындағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс аясында қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Мәжіліс депутаттарына берген ресми жауабында айтылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Министрдің жауабына қарағанда, Шерзат Полаттың өліміне қатысты Алматы облысы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істерді тіркеп, тергеуге алған.

Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері де жұмыс істеп жатыр. Алғашқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әр түрлі мәліметтің көп таралуына байланысты министрлік (Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сай) 15 қазанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, кей тергеу мәліметтерін жария етті. Брифинг қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерді қамтыды, – деп жазылған Ержан Сәденовтің жауабында.

Оның сөзінше, қазір тергеу жалғасып жатыр, оның барысында оқиға болған жерде болған басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп, әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін осы іс бойынша 11-күдіктінің ұсталғанын хабарлаған едік. Олардың арасында бұрын қылмыстық іс бойынша сотталғандары да бар. Оқиға орнынан 3 пышақ, бір мылтық тәркіленді. Олардың кімге тиесілі екені анықталып жатыр.