Алматыда есірткі жарнамасы бар парақшаларды таратқандар ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Есірткі қылмысы азаймай тұр

фото: Halyq Uni

Алматы қаласында есірткі жарнамасы бар парақшаларды таратқан адамдар құрықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала прокуратурасының үйлестіруімен полиция қоғамдық орындарда есірткі заттарын жарнамалауға қарсы іс-қимыл бойынша жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді, деп мәлімдеді Алматы прокуратурасы.

Бірлескен жұмыс барысында «50 000 рубльден бастап барлығына жұмыс, еркін жұмыс кестесі, жоғары жалақы» деген мәтінде хабарландыруы бар парақтарды жабыстырып жүрген 2 адамның заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді. Аталған адамдарда QR-код бейнеленген 300-ден астам парақ болған. Оған өткен кезде есірткі құралдарын өткізу жөніндегі Телеграм-арнаға сілтеме жасалады, – деп қосты ведомство.

Басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Тиісті жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Қала прокуратурасы азаматтарды баюдың жеңіл тәсілдерін және жоғары табыс табуды ұсынатын күмәнді жұмыс берушілерге бармауға, керісінше, мұндай фактілер анықталған кезде құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.