Павлодарда 55 млн теңгенің вейптері тәркіленді (ВИДЕО)
Электронды темекінің заңсыз айналымы азаймай тұр
Павлодар облысының тәртіп сақшылары құны 55 миллион теңгеге жуықтайтын вейптерді тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, сақшылар электронды темекіге қатысты заң бұзушылықтың жолын кесіп, жалпы құны 55 миллион теңгеге жететін вейп партиясын тәркілеп алды. Екібастұз қаласындағы өнеркәсіптік база аумағында орналасқан қоймада полицейлер 5503 дана вейп пен 1097 қосымша сұйықтық құятын құтыны анықтап, тиісті шаралар қолданды. Бұл заңсыз тауар сатылымға шығарылмақ болған. Ресми тыйым салынғанына қарамастан, жастар интернет-дүкен арқылы мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды пайдаланып, вейптерді сатумен айналысқан. Нәтижесінде заңсыз электронды темекі сатты деген күдікпен екі азамат полицияға жеткізілді.
Темекі өнімдеріне жатпайтын электронды тұтыну жүйелерінің, ароматизаторлар мен сұйықтықтардың айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов.
Рейдтік іс-шаралар барысында интернет-дүкен арқылы тапсырыстар бойынша жеткізуге арналған вейп өнімдері бар автокөлік тоқтатылып, тексеру нәтижесінде заңсыз тауар табылды.
20 маусымда елімізде вейп және оларға арналған сұйықтықтар айналымына тыйым салу туралы заң күшіне енген болатын.