Шымкентте әккі алаяқтар ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Әйел белгісіз адамға сеніп, 950 мың теңге берген

фото: stopfake.kz

Шымкенттің екі тұрғынына 20-ға жуық онлайн-алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, жедел уәкілдер киберқылмыскерлерді біраз уақыт іздеген.  Оларды ұстаған соң, күдіктілерден алты ұялы телефон мен 21 SIM-карта тәркіленді. Тергеу барысында ұсталғандардың тағы да осындай 17 қылмысқа қатысы бар екені анықталды.

Шымкент полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдрамановтың айтуынша, жергілікті тұрғын алаяқтарға алданып қалғаны туралы арыз жазған. Ол әлеуметтік желіге жиһаз сату туралы хабарландыру берген. Содан кейін оған курьерлік жеткізілімге тапсырыс беру керек деген сілтеме жіберіледі. Әйел алаяқтың айтқандарын істеп, банк картасының деректерін жазып, оның шотынан 950 мың теңгені салып жібереді. Ақша сол күйі жоғалып кетеді.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс тіркелді.