Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай: Астанада ерекше үшем дүниеге келді
Мұндай табиғи үшем 200 миллион жүктілікте бір рет қана кездеседі
Астанада 200 миллион жүктілікте бір кездесетін үшем дүниеге келді. Сәбидің үшеуі де ұл. Оларға Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай есімдері қойылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасында дүние есігін ашқан сәбилердің бірінің салмағы – 1 350 грамм, екіншісі – 1 370 грамм, үшіншісі – 1 270 грамм.
Осындай қуанышты естіп, төбесі көкке жетіп отырған сәбилердің атасы Жамбыл Иманалиевтің айтуынша, дәрігерлер оларға бастапқыда егіз дүниеге келетінін жеткізген.
Келіннің отбасында егіз бар, бізде жоқ. Бірінші УДЗ-ге түсірген кезде бізге егіз деп айтқан болатын. Бұл жаңалықты естіп қуанып жүр едік, бір аптадан кейін ұлым қуанышты жаңалығым бар деп қайта хабарласты. Сөйтсек егіз емес, үшем екен. Үшеуі де ұл екен деп тағы қуантты. Содан кейін ешкімге тіс жармай, дұға-тілегімізді тілеп, аман-есен дүниеге келуін сұрадық. Ал енді бәрі үшемге таңғалып жатыр. Бұл – жас жұбайлардың алғашқы сәбилері, - деді ол.
Оған қоса, бұл жүктілік ерекше көрінеді. Жамбыл Иманалиевтің айтуынша, бұған тіпті дәрігерлер таңданыпты.
Дәрігерлердің мәліметінше, бұл – монохорионды триамниотикалық үшем. Ол 200 миллион жүктілікте бір рет кездеседі. Яғни үш ұрық бір ұрықжолдаста дамиды және бір генді бөліседі. Олардың ДНҚ жасушалары 99 пайыз ұқсас. Монохорионды үшемдердің табиғатта кездесуі барлық клиникалық жүктіліктің 0,004 пайызынан аз.
Еске сала кетсек, бүгін дәл осы №2 көпбейінді қалалық ауруханада үшем – 2 ұл, 1 қыздың дүниеге келгенін жазған болатынбыз.