×

Астанада Республика күніне орай 1 мың азық-түлік себеті үлестірілді (ВИДЕО)

Жалпы салмағы 45 тоннадан асатын азық-түлік себеттері бүгін жеткізілген

 Халық үні 24.10.2024 | 21:50
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Республика күнін мерекелеу қарсаңында дәстүр бойынша мұқтаж азаматтарға азық-түлік себеттері таратылады, деп хабарлайды Halyq Uni қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Астана қаласы әкімдігі мен «Астана Жастары» еріктілері Qazaq oil компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған бұл игі шарада елорданың әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына, сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандарға 1 мың себет азық-түлік үлестірілді. Іс-шараға 100-ге жуық волонтер қатысты.

Республика күніне арналған бұл қайырымдылық акциясы 3 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінде елорданың 5 ауданындағы әлеуметтік осал отбасыларға 1 мың себет таратылды. Олар – көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Азық-түлік себетінде күнделікті өмірге қажетті тауарлар бар. Атап айтсақ, күнбағыс майы, қант, ұн, сүт және т.б. - деді Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.

Оның айтуынша, жалпы салмағы 45 тоннадан асатын азық-түлік себеттері бүгін жеткізілген.

Біз Qazaq oil компаниясына осы қайырымдылық шараға белсенді қатысқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Басқа да бизнес өкілдері мен меценаттарды осындай игі істерге атсалысуға шақырамыз. Қала әкімдігі мұндай шараларды жыл сайын өткізіп тұрады, - деді Қуаныш Молдабек.

Игілігі мол мұндай іс-шараға азық-түлік себетін алған отбасылар алғыстарын білдірді.

Еске сала кетсек, Астанада Республика күніне орай 100-ден аса мәдени-ағартушылық, спорттық және әлеуметтік іс-шара, оның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер және басқа да көптеген шаралар жоспарланған.

Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын үй аудандарында, білім беру ұйымдарында және т.б. өтеді.

Сондай-ақ 25 қазанда сағат 21:00-де Астана қаласындағы Триатлон саябағының (Пирс ауданы) аумағында демеушілік есебінен ұйымдастырылған мерекелік отшашу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама