Атырауда әкімдік мектеп түлектеріне 4 мың грант беретін болды

Динара Амантай

Оның ішінде 3200 грант техникалық мамандықтарға беріледі

Фото: Halyq Uni

Биыл Атырау облысының әкімдігі мектеп түлектеріне ЖОО-ға түсуге 4 мың грант бөліп отыр. Бұл жергілікті кадрлардың қатарын толықтыру үшін қолға алынған. Бұл туралы Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

 Білім грантына үміткер болуға мектеп пен колледж түлектері, сондай-ақ, өткен жылдары мектеп бітірген жастар қатыса алады. Ең басты шарт – ҰБТ-дан өту және қажетті балл жинау. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 70 балл, педагогикалық мамандықтарға 75 балл жинау қажет. Біздің өңірде мектепке дейінгі тәрбие педагогтары, математика, физика, химия, биология, география мұғалімдері жетіспейді. Талапкерлерге осы мамандықтарды таңдауына кеңес беремін. Конкурсқа қатысуға арналған өтініште 4 мамандыққа дейін көрсетуге болады, – дейді басқарма басшысының м.а. Айнагүл Дүйсекенова.

Сонымен бірге мектеп түлектері білім грантымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Павлодар, Семей мен Өскемен қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алады. Мамандық түрлері кеңінен қамтылған. Оның айтуынша, 3 200 грант техникалық, оның ішінде IT, машина жабдығы, ақпараттық қауіпсіздік, мұнай және газ секілді мамандықтарға бөлінген. Гранттың қалғаны педагогикалық мамандықтарға беріледі.

Биыл орта мектепті 6 мыңға жуық оқушы бітірді. Оның 86%-ы ҰБТ тапсырады. Ал, 27-30%-ы химия-биологияны таңдап отыр. Себебі, олар дәрігер болғысы келеді. Мектеп түлектеріне 16-17 маусымда аттестат беріледі. Грант иеленуге іріктеу кезінде сабақ үлгерімі жақсы түлектер басымдыққа ие болады, – дейді Айнагүл Дүйсекенова.

Бұған қоса маман ҰБТ-дан алған балл бірдей болса, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі адамы бар отбасылардан шыққан балалар бірінші кезекте грантты иеленетінін айтты.