Алматыда №138 мектептің күрделі жөндеуі аяқталды
Ерболат Досаев Республика күні қарсаңында сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеуден өткен мектепті көрді
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Бостандық ауданы Көктем-1 шағын ауданындағы жөндеуден өткен №138 мектепті көріп шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
1989 жылы салынған ғимараттың конструкциясының сенімділігін техникалық тексеру нәтижесінде қала әкімі мектепті сейсмикалық нығайту мен күрделі жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма берді, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.
Мердігерлік ұйым жұмысы 2023 жылдың желтоқсанында басталып, биыл қазанның соңында аяқталды. Реконструкция жобасында ғимараттың жүктемені көтеруші құрылымын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Жобада қасбет пен шатырды жөндеу, инженерлік жүйелерді ауыстыру және ғимараттың ішкі әрлеуі қарастырылған, – деп қосты ведомство.
Оқу орны биология, робототехника, информатика, химия пәндеріне арналған интерактивті тақталар мен планшеттермен жабдықталған кабинеттермен қамтылған. Сонымен қатар, заманауи стандарттарға сәйкес, екі спорт және акт залы жабдықталған. Футбол алаңы мен спорт алаңы жаңартылды. Мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен бет-әлпетті тану мүмкіндігі бар турникеттер орнатылған. Мектепте 797 бала мемлекеттік тілде оқитын болады.
Алматы әкімі білім басқармасының басшысы мен мектеп әкімшілігіне мектепті II тоқсанның басына дейін Kitap.kz цифрлық кітапханасына қосу жөнінде тапсырма берді. Бұл кітапхана оқушыларға электронды және аудио форматтағы 6000-нан астам көркем әдебиет шығармасына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұнымен бірге, аудан әкімдігіне мектепке жақын аумақтың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету жүктелді.
Оқушылардың орын тапшылығын қысқарту мақсатында қалада бүгінгі таңда Зерделі шағын ауданында 550 орындық мектеп, әртүрлі аудандарда 5 қосымша құрылыс, сондай-ақ 6 мектептің күрделі жөндеуі мен реконструкциясы жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, мегаполисте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 21 нысан құрылысын жүргізу жалғасуда. Қаладағы алғашқы «Жайлы мектеп» биыл қыркүйекте ашылған еді.