Бюст Қазанда орнатылды
Татарстанда қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, Татарстан астанасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан президентінің 2024 жылғы 22-24 қазан аралығында өтіп жатқан БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапары аясында өткізілді.
Ашылу салтанатына Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Татарстанның Мәдениет министрі Ирада Аюпова, Қазандағы ҚР Бас консулы Ерлан Ысқақов, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері қатысты. Балаева Қазанда ескерткіштің ашылуын халықтар арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен рухани туыстықтың үлгісі екенін айтты.
Бүгінгі іс-шараның БРИКС мемлекеттері ынтымақтастығы саммиті аясында өтіп жатқанының өзі іс-шараға ерекше сипат беріп тұр. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тереңдете түсері сөзсіз. Абай – өз ұлтының рухани байлығын бойына сіңіре отырып, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілген тұлға. Біздің халықтар арасындағы өзара мәдени құндылығымыз артып, достығымыз нығая берсін», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі .
Ұлы ойшыл ескерткіші Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Бюст авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев.
«Қазақстанның Ресеймен достық қатынасын дамыту аясында Татарстанға, біздің мәдениетімізге шынайы қызығушылық танытып жатқаны қуантады. 2018 жылы Қазақстан тарапынан Қазан қаласына қонақжайлық белгісі – «Тайқазан» мүсіні сыйға берілді. Бүгін Абай ескерткіші де дәл осы жерде, осы алаңда орнатылуы кездейсоқ емес. Ресейде ұлы қазақ ақынына деген құрмет ерекше. Еліміздің астанасында Абайдың ескерткіші орнатылған. Сондай-ақ, Ресейдің бірқатар қаласында Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшелер бар. Бүгінгі іс-шара – қазақ пен татар халықтарының рухани бірлігіне негізделген ұзақ жылдар бойғы жемісті іскерлік пен мәдени байланыстардың нәтижесі деп білеміз», – деді Татарстанның Мәдениет министрі Ирада Аюпова.
Салтанатты іс-шара қазақ ақынының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен қорытындыланды.