Енді баспанаға мұқтаж және табыс теңгейі төмен отбасылар тұрғын үй сертификатын eGov.kz порталынан ала алады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, сертификат Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша баспана алынған жағдайда беріледі. Сертификатты алушылар санаты мен тізбесін жергілікті атқарушы орган айқындайды.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде келесідей жағдайда беріледі:
- Өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде (жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларының) соңғы 6 айдағы орташа табысы еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен белгіленген шектен аспаса;
- Орташа табыс зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да міндетті аударымдарды есепке алмайды;
- 23 жасқа дейінгі білім беру мекемелерінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалар қарауға енгізіледі.
Тұрғын үй сертификатын онлайн алу үшін:
- eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Тұрғын үй қатынастары» бөліміне өту қажет;
- «Тұрғын үй сертификатын беру» тізімінен таңдап, қажет жолдарды толтыру керек;
- ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою қажет;
- Қызмет нәтижесін https://kezekte.kz/ сайтындағы Жеке кабинетте көруге болады.