Ақмола облысында елік аулаған браконьер ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Осы іс бойынша тергеу басталды

фото: polisia.kz

Ақмола облысының тәртіп сақшылары заңсыз аң аулаған ер адамды құрықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, браконьерлікті анықтау, жолын кесу мақсатында 20 қазан мен 19 қараша аралығында облыс аумағында «Заңсыз аң аулау» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Сақшылар екі күн ішінде өңір аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 35 фактісін анықтады. Оның ішінде 25-і – аң аулау және 10-ы – балық аулау ережесі, – делінген ақпаратта.

Осы жылдың 22 қазанында Бұланды аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 37 жастағы жүргізуші тізгіндеген ВАЗ-21214 көлігін тоқтатты. Тәртіп сақшылары автокөлік жүксалғышын тексеру кезінде бір мылтық, пышақ, еліктердің бөліктелген ұшасын тапты. Ер адамда тек бір жануарды атуға рұқсат болған. Осы факт бойынша сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полицейлер өңір қонақтары мен тұрғындарын табиғат қорғау заңнамасын бұзбауға шақырады.