Мұның негізгі себебі – немқұрайлық пен жемқорлық
Еліміздегі ғимараттардың, құрылыстардың, өндірістік көздерінің, көліктердің, құрылғылардың және тағы да басқа жабдықтардың тозу деңгейі 2022 жылы 46,2% болса, 2023 жылы 46,5%-ға жеткен, деп хабарлайды Halyq Uni.
Energyprom.kz жазуынша, оның ішінде ең қатты тозып кеткені электрмен және жылумен жабдықтау саласы болып отыр. Тозу көрсеткіші еліміз бойынша орта есеппен 70,5%, кей өңірде 80%-90%-ға дейін барады. Одан соң тау-кен өнеркәсібі тұр. Мұнда ел бойынша орта есеппен 59,1% болса, кей облыста 70%-дан асады.
Сарапшылардың жазуынша, ғимараттардың тозуының сан түрлі себебі бар. Тарифтер мен бағаларды мемлекеттік реттеуден бастап кейбір кәсіпорындардағы қылмыстық немқұрайлылық пен сыбайлас жемқорлыққа дейін барады. Әсіресе, жемқорлықпен жылдар бойы күресуге тура келеді.
Осы айтылғандардың жарқын мысалы, тау-кен өндіруге де, энергетика саласына да тікелей қатысы бар, былтыр ғана мемлекетке қайтарылған Qarmet, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауды» кәсіпорны. Компанияның активтеріне жүргізілген талдау нәтижесі көптеген параметрлердің сын көтермейтінін көрсеткен. Мысалы, мұнда көмір тек үш шахтада – «Саран», «Шахтинск» және Күзембаев атындағы шахталарда өндіріліп тұрған да тағы үшеуі пайдасыз деп танылып, жабуға дайындалған. «Қазақстан» шахтасында өрт салдарынан өндіріс тоқтатылып, «Тентек» шахтасы 2021 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқан.
Qarmet-ке қарасты ЖЭС-ПВС және ЖЭС-2 электр станцияларында да жағдай қуантарлық емес. Теміртауда жұмыс істейтін 3 электр станциясының екеуі осы. Айта кетерлігі, қаладағы ЖЭС-тердің тозу деңгейі 67%, бұл көрсеткіш елімізде алғашқы ондыққа кіреді.