×

Ақмола облысында 70 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

Не үшін осындай қатаң жаза қолданылғаны айтылды

 Қымбат Елтайқызы 24.10.2024 | 09:50
фото: Halyq Uni

Ақмола облысында екі жолақты жолдан өткені үшін 70-тен астам жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, аймақ жолдарында екі жолақты жолды кесіп өту фактілері жиілеп барады.

Бұл тек жүргізушілердің емес, жаяу жүргіншілердің де өміріне қауіп төндіретін жағдай. 23 қазанда жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы Lexus RX-350 көлігінің жүргізушісі екі еселенген жолақтан өтіп, қарсы жолаққа шығып кеткені анықталды. Бұл құқық бұзушылыққа қатысты 57 жастағы жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды, – делінген ақпаратта.

Осыдан 20 минут өткен соң дәл сол жерден тағы бір құқық бұзушылық тіркеліп, Kia Sportage автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі де жауапқа тартылды.

ӘҚБтК 596-бабының 3-бөлігіне сәйкес, екі еселенген сызық арқылы бұрылу қарсы қозғалыс жолағына шығу болып саналып, көлік жүргізу құқығынан 6 айға айыру жазасына әкеледі. Жыл басынан бері осындай жол ережелерін бұзған 70-тен астам жүргізушіге қатысты шаралар қолданылып, олар көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама