Бұл іс бойынша қызметтік тергеу жүргізіп, қатаң шаралар қолдандық, – деді вице-министр
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың жазасын өтеу шарттарын бұзуына жол берген пробация қызметкерлері жазаланғанын атап өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ішкі істер вице-министрі журналистердің Нұрасыл Болаттың жазасын өтеу шарттарының сақталуын қадағалайтын тұлғаларға қатысты қандай шара қабылданғаны туралы сұрағына жауап берді.
Бұл іс бойынша қызметтік тергеу жүргізіп, қатаң шаралар қолдандық. Қызметкерлеріміз жазаланды, – деді Игорь Лепеха.
Алайда ол қызметкерлердің нақты қандай жазаға тартылғаны туралы ақпарат бермеген.
Еске сала кетсек, бұған дейін депутат Дәулет Тұрлыхановтың заңгерлер Олег, Анна Черновтарды соққыға жыққаны үшін 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алған ұлының түнгі уақытта көшеде және тойда жүрген ұлының видеосы тараған еді. 22 қазанда Алматы қалалық соты Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеу жазасын пробация тәртібін бұзғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Енді депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы жазасының қалған 1 жыл 5 ай мерзімін орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейді.