«Атын шығаруды ғана ойлайды»: депутат өзін би сайлап алғандарды тексеруді ұсынды
Депутаттық сауал Бас прокурор мен Әділет министріне жолданды
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Қазақстанда өзін-өзі сайлап алған жалған билер көбейіп кеткенін, олардың жұмысын тексеру керегін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асылов пен Әділет министрі Азамат Есқараевқа жолданды.
Өкінішке қарай кейінгі кезде елімізде өзін-өзі сайлап алған жалған билер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп, көбейіп кетті. «Қазақ билері», «Қазақ билер алқасы» секілді атаулармен құрылған түрлі рулық-жүздік қоғамдық ұйымдар қаптады. Тіпті ресми тіркелмей-ақ өз алдына оңаша отау құрып, би болып жүргендер де жетерлік. Бұдан бөлек, ат төбеліндей аз ғана топтың қолдап-қолпаштауымен Бас би атанып, асатаяқ ұстап, ақыл айтып, шешім шығарып жүргендер де бар, - деді Болат Керімбек.
Депуаттың пікірінше, олардың кейбірі тек өз атын шығаруды ойлайды.
«Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты – атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады», - деді ол.
Болат Керімбек қазіргі мен бұрынғы билерді салыстыруға келмейтінін айтады.
Би дегенде қазақтың ойына ең алдымен ақылы асқан әйгілі Төле би, Қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би, шешен де көсем Әйтеке би, топтан озған Толыбай би секілді таңдаулы тұлғалар келетін еді. Атам заманнан қалған билер институты – бүгінгі сот билігі. Қазіргі қаптаған билер осы қастерлі атақ, абыройлы тәрбиенің қадірін кетіріп, құнын түсіріп жатыр. Сондықтан осы билер ұйымдарының жұмысын жіті тексеретін уақыт келді, - деді депутат.
Ол Қазақстанда нақты сот жүйесі бар екенін, ал өздерін би санап жүрген адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілу керегін айтты.
«Біз тарихи жадымыздың маңызды екенін түсінеміз. Бірақ болашағымыз жарқын болу үшін кеше мен бүгінді шатастырып алмауымыз керек. Сондықтан өздерін би сайлап, мәселелерге пәтуа шығарып жүрген түрлі адамдардың әрекетіне нақты құқықтық баға берілуге тиіс. Біз тек заң үстемдік етіп, тәртіп билейтін қоғамда өмір сүруіміз қажет», - деді Болат Керімбек.
Депутат Әділет министрлігі мен Бас прокуратурадан билер атын жамылған ұйымдардын жұмысына тексеру жүргізуді ұсынды.