Елімізде автобус және такси жүргізушілері үшін арнайы ұйым құрылуы мүмкін

Дәурен Ерболат

Қазір 10 мың көлік ресми түрде такси қызметіне тартылған

Фото: Halyq Uni

Көлік министрі Марат Қарабаев елімізде такси және автобус жүргізушілері заңға сәйкес, өзін-өзі реттеу ұйымын құрып, оған міндетті түрде тіркелу керегін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Марат Қарабаев құжаттағы маңызды нормаларға тоқталды.

«Заң жобасы өзін-өзі реттеуге тұрақты халықаралық, облысаралық, тұрақты емес автобус тасымалы, такси және оларды диспетчерлеуді, сондай-ақ депутаттар ұсынысымен автобекет қызметтерін ұйымдастыру функциясын беруді көздейді.

Сондай-ақ заң жобасы – өзін-өзі реттеуді құру, оның мүшелерінің құқығы мен міндеті, мүшелік жарнаның мөлшері, өзін-өзі реттеу ұйымын тізілімге қосу немесе алып тастау тәртібі, сондай-ақ мүліктік жауаптылық мәселелерін регламенттейді», - деді министр.

Оның айтуынша, министрлік, осы мәселе бойынша жұмысты 2020 жылы бастаған, оның аясында қажет қоғамдық тыңдаулар өткізген.

Ал депутат Ринат Зайытов осыған байланысты өзекті мәселені көтеді.

«Жалпы Мәжіліске келгелі Үкімет мүшелерінің бастамасымен дайындалған бірде-бір заңның халыққа пайдасы тиіп, жұмыс істеп жатқанын көрген жоқпын. Бәлкім, көрмей жүрген шығармын. Осылай болса, бетіме айтыңыздар. Бізде қателеспесем кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды деген бір емес екі палата бар. Жолаушы тасымалдау деген шағын кәсіпкерлік қой. Неге олар басқара салмайды? Әйтеуір, бәріне бір қожайын тауып береміз.

Біріншіден, енді такси жүргізушілерін отарлаудың қажеті қанша?

Екіншіден, такси жүргізушілері – шулы қауым. Біз таксимен жиі жүретін адамбыз, ертең олар дүрлігетін болса, кім көрінгенген жаман сөз естігім келмейді. Олар дүрлікке өзіңіз жауапкершілікті мойныңызға аласыз ба?», - деді Зайытов.

Марат Қарабаев ұйым ешкімнің құқығын бұзбайды деп сендерді.

«Мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкершілікті мойныма аламын. Бірінші сұраққа тоқталайын. Біз министрлікте такси жүргізушілерін бірнеше рет жинадық. Шыны керек, алпауыт интернет агрегаттардың қасында олардың құқығын қорғайтын ешкім қалмады. Сондықтан олар өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болғаннан соң (такси жүргізушілерінің) қабылдаған қағидасында ең алдымен біздің қарапайым жүргізушілер өзінің құқығын қорғайтын талапты қоя алады және соны талап ете алады. Бүгінде ресми түрде 10 мың көлік такси қызметін атқарып жүр. Сондықтан өзін-өзі басқару ұйымы түбінде Қазақстанның қарапайым жүргізушілердің мүддесін қорғауға бағытталған», - деді көлік министрі.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.