Halyq Uni логотип
×

Түркістанда ақбөкендерді аулаған браконьерлер қолға түсті

Жануарларды заңсыз аулайтындар азаймай тұр

 Қымбат Елтайқызы 23.10.2024 | 17:35
Түркістанда ақбөкендерді аулаған браконьерлер қолға түсті
фото: polisia.kz

Түркістан облысының тәртіп сақшылары браконьерлерден 16 ақбөкеннің ұшасы мен қару-жарақ тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Созақ аудандық полиция бөліміне «Охотзоопром» инспекторынан хабарлама түсті. Ол аймақта жүрген белгісіз күдікті көлікті тексеру керектігін жеткізді. Оқиға орнына жедел жеткен сақшылар Қызыл кітапқа енген жабайы жануарларды заңсыз аулау дерегін анықтады.

Жедел уәкілдер дер кезінде қабылдаған шаралар нәтижесінде күмәнді Toyota Land Сruizer көлігі, 16 дана ақбөкеннің ұшасы, 13 дана ақбөкеннің басы, 2 дана пышақ, 58 дана аңшы мылтығының оғы, дүрбі, аңшы мылтығы, 12 калибрлі, екі ұңғылы 2 мылтық, 4 дана жарықтандырғышты заттай дәлелдеме ретінде тәркіледі. Тиісті сараптама тағайындалды, – делінген ақпаратта.

Жергілікті тәртіп сақшылары көліктегі күдікке ілінген 4 ер адамды полиция бөліміне жеткізді. Олар Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты.

Бұл жайт жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша тіркеліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама