Тасқынмен күрес: Нидерланды сарапшылары су саласындағы тәжірибесімен бөлісті

Қымбат Елтайқызы

Шетелдік мамандар кезекті рет білім берді

фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Нидерланды сарапшылары су саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Нидерланды сарапшылары Астанада су тасқыны қаупін басқару бойынша екінші оқу семинарын өткізіп отыр. Іс-шараның басты мақсаты – су тасқынына қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру.

Бүгінгі таңда министрлік табиғи апаттармен, оның ішінде су тасқынымен күресуде мол тәжірибесі бар шетелдік компаниялармен, институттармен белсенді әріптестік орнатып жатыр. Ведомство мамырда Нидерланд Корольдігінің Делфт қаласында орналасқан IHE Delft су білімі иниститутымен су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де қарастырылған.

«Биыл тамызда Нидерландтың «Апаттар каупін азайту қолдау тобының» мамандары елордада алғашқы семинарларын өткізген болатын. Семинарға Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, География және су қауіпсіздігі институтының, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының 30 маманы қатысты», – деді СРИМ Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Мүслім Жиенбаев.