Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтар Ұлттық мереке – Республика күнін атап өтіп жатыр

Биылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы да беріледі

 Айгерім Таубай 25.10.2024 | 09:00
Қазақстандықтар Ұлттық мереке – Республика күнін атап өтіп жатыр
Коллаж Halyq Uni

25 қазанда қазақстандықтар Ұлттық мереке – Республика күнін тойлап жатыр. Бұл мереке 2023 жылы қайта енгізілді. Соған орай бірқатар жаңа марапат қосылып, тіпті «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта табысталған еді. 2024 жылы да Ақорда мереке қарсаңында бір топ азаматтың марапатқа ие болғанын хабарлады.

ЖАҢАДАН ЕНГЕН МАРАПАТТАР

Ақорданың хабарлауынша, биыл мемлекеттік наградаларды тағайындау кезінде қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға мән берілген. Осылайша 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті марапат иегері атанды.

Қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен марапатталды.

Дәл осы марапат Алматы қаласы «№4 арнайы мектеп-интернат» мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова және Орал қаласы «Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия» мұғалімі Эльмара Траисоваға тапсырылды.

Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокопқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз берілді.

Сондай-ақ биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды. Алғашқылардың ішінде ????«Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай бар.

ӘКІМ, ДЕПУТТАРҒА БЕРІЛГЕН ОРДЕНДЕР

Парламент мәжілісі төрағасы орынбасары Альберт Рауға І дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Сондай-ақ Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Нұрлан Өнербай, Алматы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы Вячеслав Локшинге осы орден берілді.

ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы елшісі Нұрлан Онжановқа табысталды.

ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алды.

«Парасат» ордені берілді:

  • Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдыға;
  • Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековке;
  • М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Данагүл Темірсұлтановаға.

ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ МЕРЕКЕСІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін еліміздің ең басты мерекесі деп атап, қазақстандықтарды айтулы датамен құттықтады.

Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы.

Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.

Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз, – делінген президент құттықтауында.

РЕСПУБЛИКА КҮНІНІҢ ТАРИХЫ

1990 жылдың 25 қазанында Совет одағы құрамындағы Қазақ советтік социалистік республикасының (Қазақ ССР-і) «Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданды. Қазақ ССР жоғары кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжатта республиканың мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің тарихы баяндалған.

Құжатта ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету және дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылған.

Республика аумағында тұратын азаматтарға КСРО Конституциясында және Қазақ КСР Конституциясында көзделген барлық құқық мен бостандық олардың ұлттық және партияға  қатысты екеніне, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысы мен дініне, кәсібіне, тұрғылықты жеріне қарамастан кепілдік беріледі. Азаматтық және ұлттық теңдікке қол сұғу заңмен жазаланады, - делінген декларацияда.

Құжат бойынша президент республиканың басшысы болып табылады және жоғары әкімшілік-атқарушы билікке ие.

Жоғары сот билігі Қазақ КСР жоғарғы сотына тиесілі. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялады. Ал 25 қазан 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген.

«Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 1995 жылдың 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – республика күні болып жарияланды.

Алайда алты жылдан кейін, 2001 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң қабылданғаннан кейін Республика күнінің мәртебесі мемлекеттік мерекеге өзгертілді.

2009 жылдың 22 сәуірінде бұл заңға өзгерістер енгізілді. Заң республика күнін мерекелеудің күшін жойды. Осылайша 25 қазан 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде мерекеленді.

2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ал тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды.

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, - деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.

Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Тоқаев оған 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойды.

Заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді. 

ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МЕРЕКЕНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Ұлттық мереке – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстанда белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді атап өту кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі. 

Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстанның азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама