Жәбірленуші ауруханаға түсіп, күдіктіге іздеу жарияланды
Бұрынғы әйелімен тұратын балаларын көруге барған түркістандық тұрғын үйде жанжал шығарған. Артынша зайыбының туысын бірнеше жерден пышақтап, қашып кеткен.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Түркістан қаласының тұрғыны 19 жерінен пышақталып, ауруханаға түскен. Ал күдіктіге іздеу жарияланды.
Аталған жағдай бойынша Түркістан облысының полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталып, оны ұстау шаралары қабылданғанын жеткізді.
Полиция тұрмыстық жанжал негізінде болған «Кісі өлтіруге оқталу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұрынғы әйеліндегі балаларды көру үшін келген күдіктінің Шымкент қаласының бұрын бірнеше рет сотты болған тұрғыны екені анықталды. Осы кезде күдікті мен әйелінің туысы арасында жанжал болып, ер адам пышақ жарақатын алған. Қазір қажетті жедел-іздестіру және тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіндегі өзге ақпараттар жария етуге жатпайды, – делінген хабарламада.