Шара Прага қаласында ұйымдастырылды
Қазақстанның ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында, сондай-ақ қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының 90 жылдығына орай Прагада Қазақ киносы күндері өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, іс-шараны «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Қазақстанның Чехиядағы елшілігі ұйымдастырды. Шараның ашылу рәсіміне Чехияның мемлекеттік және қоғамдық мекемелері, дипломатиялық корпус, іскер топтар, киноиндустрия, БАҚ, қазақ диаспорасы өкілдері, сондай-ақ ел астанасының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Кино көрсетілімдерінің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Чехиядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев бұл іс-шараның Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Елші Қазақ киносы күндері жергілікті көрерменге әлемдік деңгейде мойындалған Қазақстанның заманауи өнерімен танысуға мүмкіндік беретінін айтты, – деп қосты ведомство.
Алғашқы күні көрермендерге танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі ұсынылды. Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісі бойынша түсірілген бұл туынды адам рухының беріктігі мен кез келген жағдайда ар-намысты сақтап қалудың маңызы туралы баяндайды.
Екінші күні көрермендер қазақтың атақты балуаны, халық ақыны және композиторы Нұрмағамбет Баймырзаұлы туралы Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» биографиялық драмасын тамашалап, сондай-ақ белгілі режиссер әрі сценарист Эля Гильманның қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғайтын «Күнбағыс» атты әлеуметтік драмасын көрді.
Прагадағы қазақ киносы күндері көрерменнің кең аудиториясының қызығушылығын тудырып, Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткен маңызды мәдени оқиға болды.