Су тасқынына дайындық: гидротехникалық құрылыстарда зерттеу жүріп жатыр
Елімізде су тасып, көптеген шығын келген еді
Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынына дайындық аясында гидротехникалық құрылыстарда көп факторлы зерттеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрлік жыл басынан бері 63 гидротехникалық құрылыста көп факторлы зерттеу жүргізді. Нұржан Нұржігітов ведомствоның аппарат кеңесінде су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтады, деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Көп факторлы зерттеу – нысандарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету әрі апаттардың алдын алу үшін жүргізіледі. Бүгінгі таңда министрлік мамандары «Қазсушар» филиалдары мен жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою, жөндеу жұмыстарын жүргізу әрі мемлекет меншігіне қайтару бойынша өз қорытындыларын берді. Ведомство жыл соңына дейін тағы 19 нысанда көп факторды зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Айта кету керек, жаңа Су кодексінің жобасына сәйкес, елімізде гидротехникалық нысандар әр 5 жыл сайын көп факторлы зерттеуден өтуге міндеттеледі, – деп қосты Су ресурстары және ирригация министрлігі.
«Министрлік әзірлеген Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2024-2028 жылдар аралығында республика бойынша 557 нысанда көп факторлы зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, келесі жылы 105 гидротехникалық нысан тексерістен өтеді. Көп факторлы зерттеу қорытындысы бойынша, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарды қалпына келтіру жоспарын қабылдау қажет. Бұл жұмысты бассейндік инспекциялар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе орындауы тиіс», – деді Нұржігітов.