Мекемені тексеріп барған министрлік инспекторы емес пе?
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-интернатына тексеріс жүргізу барысында асханасының ас мәзірінде көрсетілген тағамдар жоқ болып шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетсек, видео 25 қыркүйекте түсірілген. Бейнежазба басында шіріген алмалардың толық қорабын көруге болады. Асхана қызметкерлері олардың сыртқа шығарып тастау үшін тұрғанын айтып, өздерін ақтауға тырысқан. Бірақ бұзылған өнімдердің жарамды тағамдармен бірге неге сақталғанын түсіндіре алмады. Айтуларынша, олар қорапты шығарып тастауды ұмытып кеткен.
Содан кейін тексчеруші мәзірді қарап шықты. Оның пікірінше, түскі асқа арналған сорпа тым майлы болған, ал интернатта балаларға арналған тағам диеталық болуы керек. Майдың көп болуы ас қорыту жүйесін бұзады. Ал күрделі «нанпалау» деп аталатын тағам кәдімгі макарон болып шықты. Сондай-ақ тексеруші ас мәзірінде тұрған картоп пюресі, шұжық пен балықты таппады. Ал асхана қызметкерлері тамақтардың қайда екенін түсіндіре алмаған.
Бір қызығы, видеода осы мектеп-интернаттағы тамаққа тендерді ұтып алған аудитор мен кәсіпкердің арасындағы әңгіме айтылды. Телефонмен сөйлескен кәсіпкер тексерушілердің кешкі сағат 18:00-ден кейін не істеп жүргеніне ашуланып, олардың ол жерде болуға хақысы жоқ екенін алға тартқан.
Соңында аудитор келесі күні таңғы асқа ұсынылуға тиіс піскен жұмыртқаларды көрсетті. Жұмыртқаларды асханада алдын ала қайнатып, дұрыс емес жерде сақтаған болып шықты. Осылайша, таңғы асқа шіріген жұмыртқа ұсынылған. Сонымен қатар асханада шыбындардың ұшып жүргені санитарлық-гигиеналық жағдайдың дұрыс емес екенін көрсетеді.
Осы жайттарды түсірген видеоға қатысты облыстық білім басқармасы түсінік берді.
Бірінші, қоймадан шыққан шіріген алма. Балаларға қызылша сәбізі, нанпалау берілуі керек болған. Нанпалау деген қандай тамақ? Диеталық тамақ қуырылмауы керек қой. Балалар сағат 07:40-та тамақтанады дедіңіздер, біз сағат 07:40-та осында болдық, бала қай уақытта тамақтанады? - дейді ер адам видеода.
Бұл жағдай облыстық білім басқармасы тарапынан шұғыл бақылауға алынған.
Анықтау жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Видеода көрсетілген жемістер, жарамсыз болған алмалар – сұрыпталғаны, бөліп, іріктеп қойғаны. Оларды арнаулы қоқысқа тастайды, - дейді білім басқармасының өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желі өкілі білім ордасына беймезгіл, жұмыстан тыс уақытта басакөктеп кіріп, видеоға түсіре бастаған.
Жалпы, мектеп асханасындағы оқушыларға берілетін тамақ сапасы бойынша балалар мен ата-ана тарапынан ешқандай шағым түспеген. Жалған ақпаратты тарату бойынша заң аясында шектеулер бар екенін ескертеміз, - дейді Түркістан облыстық білім басқармасы.
Айтуларынша, видеодағы ер адамның республикалық тексерушімін дегені де шындыққа жанаспайды. Ал БАҚ мәліметінше, мектепті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің қызметкерлері тексеріп барған. Сарапшылар балаларға ұсынылатын тағамдарды күніне жарияланған мәзірге сәйкес көрсетіп, әр пункт бойынша атап өтіп, тағамдардың шын мәнінде қандай екенін қараған.
Сонда бұлардың қайсысы шындыққа жанасады?