Қара суықта жылу берілмеген Ақтау тұрғындары үйлерінде ауырып жатыр
Үкімет әкімдердің «күзгі жылыту маусымына толыққанды дайынбыз» деген уәдесінің неге орындалмағанын білуге тиіс
Ақтау қаласында әлі күнге дейін жылу жоқ. Редакциямызға жергілікті тұрғындар шағымданып хабарласа бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еске сала кетсек, таяуда қала әкімдігіне 32B шағын ауданының тұрғындары жылу берілмегенін айтып шағымданған болатын. Ал ведомство өкілдері оларға сол шағын ауданда орналасқан қазандыққа жөндеу жүргізіліп жатқанын айтып құтылған.
Шарттың талаптарына сәйкес, бұл жұмыстар қазан айының соңына дейін толық аяқталуға тиіс. Тапсырыс беруші тарапынан мердігер ұйымға жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау туралы талап қойылды. Осыған байланысты, 32B шағын ауданы тұрғындарынан атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауды сұраймыз, - деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.
Ал егер орындаушы тапсырыс берушінің өтінішін қанағаттандыра алмаса, онда 32В шағын ауданындағы 12 үйге жылу қазан айының соңына дейін берілмейді.
Ол – мәселенің бергі жағы. Бүгін бізге қаланың бірнеше тұрғыны хабарласты. Айтуларынша, 13-шағын ауданның 1а, 1б, 2, 3а, 5а, 5б, 6, 7, 8, 9, 10, 13а, 13б, 14, 15, 16, 17, 19, 20, 21, 22, 23, 24, 28а, 28б, 30, 31а, 31б үйлері, №21 мектеп, №54 балабақша, медициналық колледжі; 16-шағын ауданның 11, 14, 18, 28, 28/1, 36, 36/1, 36/2, 39, 40, 41, 42, 44, 70, 70/1, 70/2, 73 үйлері; 27-шағын ауданның 32, 33, 35, 37, 38, 39, 40, 41 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 51, 52, 53, 54 үйлері мен №46 балабақшасы азынаған бөлмелерде әзер отыр.
Соған қарамастан, жергілікті балабақшалар әр бала басына алатын бір күндік 847 теңге үшін оларды жылусыз мекемеге әлі қабылдап жатыр екен.
Көпшіліктің «Үйде бәрі ауырып жатыр», «Жылу келесі айда қосылады деген», «Сантехникті өткенде көргенімде, желтоқсанға дейін болмайды деп еді», «Жылда осылай. Алдыңғы жылы жылу желтоқсанға дейін дұрыс берілмеді» деген шағымдарын жіберді бізге ақтаулық сенімді дереккөз.
Өзім 27-шағын аудандағы 93-үйде, «Жайлау» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Отбасымыз түгел бір бөлмеде сығылысып отырмыз. Басқа бөлмелер ұлып тұр. 3 айлық балам суықтан ауырып жатыр. Өзіміз де жөтеліп жүрміз. Дала қақап тұр. Жылда осы мәселе. Қызым №46 балабақшада, ол жақ та суық, - дейді тұрғын.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Ақтаудағы бірнеше тұрғын үйге жылу беретін 12А шағын ауданындағы жылу құбырына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысын қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың өзі арнайы тексерген. Енді «Каспий жылу, су арнасы» МКК жоғарыда аталған 13, 16 және 27-шағын аудандағы кейбір тұрғын үйлерге жылуды сол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір-ақ бере алады екен.
12А шағын ауданындағы ескі құбырлардан гидравликалық сынақтар кезінде ақау анықталды. Аталған ақауды жөндеуге 4 бригада жұмылдырылды. Мамандар бүгін сағат 23:00-00:00-де жұмыстарды аяқтайды, - деді «Алматыинжстрой» АҚ механикаландырылған жұмыстар филиалының директоры Сәкен Бердібаев.
Ал «Каспий жылу, су арнасы» МКК бас инженерінің міндетін атқарушы Серік Жалғасбайдың айтуынша, гидравликалық сынақтар кезінде 86 ақау анықталған. Қазір соның жартысынан көбі жөнделіп, қалған 38-і қалпына келтіріліп жатыр екен.
Еске сала кетсек, қазір Үкімет Ақтау қаласының магистральды жылу желілерін реконструкциялауға 5 млрд теңге бөліп отыр. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған болатын. Құжат жобаны іске асыру үшін қаржыны Маңғыстау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударуды қарастырады.
Бұған дейін мердігер ұйымның қаражаты есебінен шамамен 11,5 шақырым жылу желісі тартылған болатын. Жалпы, 2024-2026 жылдар аралығында тозу деңгейі 75%-дан асатын 44 шақырым магистральды жылу құбырын кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Бұл ретте Ақтау қаласы жылу желілерінің негізгі бөлігі 1962 жылдан бері жаңартылмаған.
Ашығын айтқанда, Үкімет мемлекеттік бюджеттің ақшасын оңды-солды үлестіре берумен айналыспай, жазда әкімдердің «күзгі жылыту маусымына толыққанды дайынбыз» деген уәдесінің неге орындалмағанына мән берсе керек-ті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қара күздің ызғарында қалтыраған көпшіліктің жанайқайын қалай естімей жатыр?