Алматы кәсіпкерлері экологиялық акцияға қатысты
Қаладағы тазалыққа бәрі жауап беруге тиіс
Медеу ауданының кәсіпкерлері «Жарқын күз» акциясына қолдау білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс-шара «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы және «Таза Қазақстан» республикалық аяциясы аясында ұйымдастырылды.
Сондай-ақ аудандағы кәсіпкерлер «Барлығы тазалықты бақылайды» челленджін бастады. Осылайша, олар абаттандыру төлқұжатын жаңа ережелерге сәйкес рәсімдеген бизнес субъектілерін біріктіргісі келеді.
Бизнесмен Дәулет Жолдасбек жақында абаттандыру паспортын жаңа талапқа сәйкес рәсімдегенін атап өтті.
Біз учаске мен жауапкершілік аймағын, соның ішінде кәсіпорынға іргелес аумақты нақты анықтадық. Ол үшін біз жауап береміз. Бізге экологиялық акцияны қолдау маңызды. Өйткені, қаладағы тазалық мәселесіне әкімдік қана емес, бизнес те жауап беруі керек. Біз эстафетаны Алмалы ауданының кәсіпкерлеріне береміз. Мұндай бастаманы бәрі қолдайды деп үміттенеміз, – деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, челлендж қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ол абаттандыру мәселесіне халықтың назарын аудартады.
Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, 5 590 кәсіпкерлік объектісі абаттандыру паспортын алуы шарт. Бүгінде мыңнан аса кәсіпкер абаттандыру төлқұжатына қол қойған. Аталған құжатты беру жұмысы 2025 жылдың сәуірінде аяқталады деп жоспарланып отыр.