Бұл сайтта азаматтар биыл орын алған террорлық актілер мен жаппай тәртіпсіздіктер туралы бейне, фото және аудиожазбаларды жасырын түрде жүктей алады
Бас прокуратура Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, stopterrorism.kz веб-сайтын іске қосты. Бұл сайтта азаматтар биыл орын алған террорлық актілер мен жаппай тәртіпсіздіктер туралы бейне, фото және аудиожазбаларды жасырын түрде жүктей алады.
Қазір прокурорлар дәлелдемелерді жинау мен тіркеуді, сондай-ақ қылмыскерлерді бейнежазбалар бойынша сәйкестендіруді жүргізіп жатыр. Сонымен қатар азаматтарға Call-center-115 нөміріне ұсынылған ақпарат үшін алғыс айтамыз, – дейді бас прокуратура.
Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.
Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.
6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.