Атырауда 120 мың шабақ құтқарылды

Қымбат Елтайқызы

Тағы да қырылу қаупі төнген еді

фото: АШМ

Бөлшектенген су айдындарынан балық шабақтары құтқарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Балық шаруашылығы комитетінің Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы 2024 жылғы қазанда әлеуметтік желілерге мониторингті жүзеге асыру барысында «Атырау – Тандай-Х.Ерғалиев» автомобиль трассасы жанындағы бөлшектенген су айдындарында балықтардың қырылу қаупі жөнінде ақпарат анықтады, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Инспекция қызметкерлері болжамды жерге жедел шығып, Атырау облысының Бақсай ауылдық округі өкілдері және жергілікті ауыл тұрғындарымен бірлесіп, шабақтарды құтқару жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 120 000 дана балық шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне тірі күйінде жіберілді. Балықтарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, – деп қосты ведомство.

Жалпы, 2024 жылдың маусымынан бастап бөлшектенген су айдындарынан 121 293 095 дана шабақ құтқарылды. Оның ішінде Атырау облысында – 95 043 095 дана, Батыс Қазақстан облысында – 26 250 000 дана.

Бүгінгі таңда Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарынан балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасып, инспекцияның үздіксіз бақылауында тұр.