Ол «Тәрбиелеу мекемесі қызметкерiнің кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту» бабы бойынша айыпталған еді
Балабақшада бүлдіршінді ұрып-соғып, тіпті, аяғынан сүйреп, қатыгездік танытқан тәрбиеші қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды, деп хабарлайды Halyq Uni otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ол «Тәрбиелеу мекемесі қызметкерiнің кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту» бабы бойынша айыпталған еді. Сотта әйелдің кінәсі толық дәлелденсе де жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты оған ешқандай шара қолданылмаған.
Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкініш білдіріп, жәбірленушінің заңды өкілінен кешірім сұрады. Онымен татуласып, оған келтірген материалдық және моральдық залалды толық өтеуіне байланысты сот ҚР ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істі тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ, - деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, оқиға қыркүйекте болған еді. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан тәрбиешінің бүлдіршінді белгісіз затпен ұрып, аяғынан сүйрегенін көруге болады. Болған оқиғадан кейін балабақша қызметкері бірден жұмыстан шығарылып, қылмыстық іс қозғалған болатын.