Алматыда «ЭкоРейнджерлер» қозғалысы құрылды
Бұл шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынды
Алматы қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «ЭкоРейнджерлер» қозғалысы құрылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «ЭкоРейнджерлер» жасағы құрылып, оған қаламыздың 1000-нан астам жастары қосылды. Жастардың бастамасын елімізге танымал блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары қолдап, амбассадор болуға ниет білдірген. Бұл бастама жастардың экологиялық өмірге белсенді қатысып, қаламыздың тазалығына үлес қосуға бағытталған.
«ЭкоРейнджерлер» тобы экологиялық акцияларда, сенбіліктерде және ағаш отырғызу шараларында белсенді қатысуды жоспарлап отыр. Олардың басты мақсаты – Алматы табиғатын қорғау және қоршаған ортаға қамқорлық көрсету.
Сонымен қатар, «ЭкоРейнджерлер» жастарға экология жөнінде білім беру, табиғатты қорғау, жастар арасында эко мәдениетті дамытуға бағытталған семинарлар мен тренингтер өткізуге ниетті.
Біз Алматы экологиясын жақсартуға өз үлесімізді қосу үшін осы топты құрдық. Таза қала – баршаға ортақ міндет, сондықтан жастардың белсенділігі аса маңызды. Біз экология мәселелеріне назар аударуға және қала жастарын бізге қосылуға шақырамыз, – деді жас экорейнджер.
Осылайша, «ЭкоРейнджерлер» Алматы тазалығына бей-жәй қарамайтын жандарды өздерінің қатарына қосылуға шақырады. Олар өздерінің белсенділігімен экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосып, қоғамға үлгі болуға ниетті. «Экорейнджерлер» қатарына қосылу үшін 8 775 462 31 40 нөміріне хабарласу жеткілікті.
Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында 18-24 қазан аралығында халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қаланы көріктендіру мен көгалдандыруға бағытталған «Жарқын күз» акциясы өтіп жатыр.