Өңірдегі ауылдардың бірі карантинге жабылды
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жылқылар арасында белгісіз ауру тарап жатқаны жайлы жазған едік. Ауру тиген жануарлардан сынама алынып, елордадағы зертханға жіберілді.
Сынама Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханада зерттеліп, өңірде «жылқы тұмауы» тарағаны белгілі болды. Осыған байланысты қауіпті індеттің ошағы болған Есіл ауданындағы Заречный ауылдық округінде карантин жарияланды. Енді бұл аумақтан жылқы және оның өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынды. Шектеу шаралары ауырған соңғы жылқы емделгеннен соң он күн тәуліктен кейін ғана алынып тасталады. Мұнымен қоса дезинфекциялық шаралар да жүзеге асырылуда. Жалпы жауапты мамандардың айтуынша өңірде бұрын-соңды мұндай ауру тіркелмеген.
«Бұл –инфекциялық ауру. Оны жұқтырған жануар жөтеліп, демігеді. Дене қызуы көтеріледі. 20 жылқыдан осындай белгі анықталды. Оның үшеуінің жағдайы ауыр. Қазір аталған ауылда мониторинг жүргізілуде. Жағдай мамандардың жіті бақылауында. Бастысы мал шығыны жоқ. Бұл ауру адамға жұқпайды. Ауыл халқына арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Басқа аудандарда да жағдай тұрақты», - дейді облыстық ветеренария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.