Полиция «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғады
Семейде тарих пәнінің мұғалімі сабаққа кедергі жасаған оқушыларды дәретханаға шығарып сөйлескен. Сол үшін жұмыстан қуылды. Оған қоса, ер адамға қатысты «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл оқиға №38 орта мектепте екі күн бұрын болған. 7-сыныптың екі оқушысы тыныш отырмай, сабаққа кедергі жасаған. Сол кезде мұғалім оларды дәретханаға алып барып, тәртіпке салғысы келген.
Оқушылардың біреуі бәрін диктофонға жазып алыпты. Алайда ер адам телефонды алып қойып, барлық аудиожазбаны жойып тастаған. Ата-аналар бірден полицияға арыз түсірді.
Мұғалімнің ісі алдымен педагогикалық этика жөніндегі кеңесте қаралды. Осы жиында оны жұмыстан шығаруға шешім қабылданды. Себебі бұған дейін ол қатаң сөгіс алған. 17 қазанда тарих пәнінің мұғалімімен рәсімделген еңбек шартының күші жойылды. Ал полиция «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғады.
Айта кетсек, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 432-бабы («Ұсақ бұзақылық, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу») бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл немесе 5-15 тәулiкке дейiн әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қарастырылған.