Абай облысында имам джиппен қағып кеткен қыз көз жұмды

Халық үні

Облыстың бас имамы Асқар Мұқанов бұл ақпаратты растады

фото: aws.amazon.com

Абай облысында Toyota RAV-4 автокөлігі 11 жастағы қызды қағып, мерт етті. Көліктің тізгінінде жергілікті мешіттің имамы болған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қайғылы оқиға 14 қазанда болды. 44 жастағы жүргізуші қызды сағат 11:40 шамасында қаққан. Апат салдарынан зардап шеккен қызды көлік жүргізушісі дереу ауруханаға жеткізді.

Апат салдарынан кәмелетке толмаған бала алған жарақаттарынан Үржар ауданының ауруханасында көз жұмды. Абайсызда адам өліміне әкеліп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысы Абай облысы ПД басшылығының бақылауында, - деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Облыстың бас имамы Асқар Мұқанов бұл ақпаратты растады.

Автокөліктің рөлінде шынымен де ауыл мешітінің имамы болған. Айтуынша, ол жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмаған. Куәгерлердің айтуынша, қыз үйлердің бірінің ауласында байланған иттің үргенінен қорқып, жолға қарай жүгіріп шыққан. Жүргізуші көлікті тоқтатып үлгермеген, - делінген ресми хабарламада.