Сол үшін оған айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімінің орынбасары қызметтік көлікпен нан алуға барған, деп хабарлайды Halyq Uni.
18 қазанда Петропавлдағы әдеп жөніндегі кеңесте Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваға қатысты мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексін бұзғаны үшін қозғалған тәртіптік іс қаралды.
2024 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желіде Нұрғалиеваның қызметтік көлігін дұрыс емес жерге қойғаны туралы видео жарияланған болатын. Бұл факті бойынша, 28 тамызда Нұрғалиеваға қатысты «Жол белгілерінде көрсетілген талаптарды сақтамау» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Ол айыппұл төледі, – деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызметті бақылау бөлімінің бас маманы Диана Салғарина.
Ол аудан әкімі орынбасарының кешкі сағат 7-де қызметтік көлікпен үйіне қайтып бара жатқанын, жолда нанға тоқтағанын, көлікті дұрыс қоймай, белгіге мән бермегенін айтты. Осылайша, әкімнің орынбасары «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен мемлекеттік қызметкерлердің «Әдеп кодексін» бұзған. Видеодан, тіпті, оның осы әрекетін түсіріп алған блогермен ақшаға келіспек болғанын көруге болады.