1 156 көшет берілді: Алматыда бірнеше аудан тұрғындары акцияда белсенді болды

Халық үні

Бұл маусымда қала тұрғындарынан 300-ден аса өтініш түскен

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы аясында жыл сайынғы «Жасыл аула» акциясы аяқталды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы маусымда қала тұрғындарынан 305 өтінім түсіп, оның 133-і мақұлданды. Азаматтарға 1 156 көшет берілген. Әсіресе, Әуезов, Бостандық және Алатау ауданы тұрғындары акцияда белсенділік танытты.

Көшеттер «Эко Алматы» базасында және әр ауданның комьюнити орталығында тегін таратылады. Тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар жасыл әрі жайлы аула құру үшін маңызды рөл атқарады.

Біз бұл акцияға екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Ауламызды одан әрі көгалдандырғымыз келеді. 15 көшет алуды жоспарлап отырмын, ағаш түрлерін өзіміз таңдаймыз, - деді акцияға қатысушы Ілияс Мамытов.

Акция аясында тұрғындар қайың, шаған, алма, сәнағаш, шегіршін және бұталардың көшетін алды. Барлық көшет жаңа ережелерге сай: биіктігі кемінде 2,5 м, діңгегінің диаметрі 1,3 м биіктікте 3 см-ден кем емес.

Кейінгі жылдары «Жасыл аула» акциясы аясында 20 мыңнан астам көшет отырғызылды, бұл қаланы жасыл әрі өмір сүруге қолайлы етеді.