×

Тоқаев жаңа өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты

Бөлім Астанада орналасқан

 Қымбат Елтайқызы 17.10.2024 | 16:09
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы №23 жаңа өрт сөндіру бөліміне барды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев елордада қысқа мерзімде бой көтерген өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Мұндағы өрт сөндірушілер 96 мыңнан астам тұрғыны бар Алматы ауданына қызмет көрсетеді. Бөлімнің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету аумағына «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті мен «Нұрлы жол» вокзалы сияқты маңызды нысандар кіреді. Өрт сөндірушілер жұмысын бастаған екі ай ішінде 200-ге жуық дабылға жедел шығып үлгерген.

Сапалы әрі тез құрастырылатын модульді материалдардан салынған өрт сөндіру депосы функционалдық тұрғыдан өте қолайлы. Ғимаратта жұмыс, диспетчерлік, демалыс бөлмелері, оқу сыныбы және ас үй қарастырылған. Жабық тұраққа алты арнайы техника сыяды. Президентке өрт сөндіру және құтқару операцияларына арналған заманауи жабдықтар көрсетілді. Сонымен қатар, биік ғимараттардағы өртті өшіруге пайдаланылатын дрондар жұмысы таныстырылды, – делінген ақпаратта.

Тоқаев өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен сөйлесіп, осындай заманауи модульді өрт сөндіру деполары еліміздің барлық өңіріне қажет екенін және аталған жобаның аясы кеңейтілетінін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың әлеуметтік мәселелерін шешу және баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан салынған екі қабатты жатақхананы аралап көрді. Сондай-ақ, жатақханаға қоныстанған өрт сөндірушілердің отбасыларын құттықтады. Бұдан кейін №23 жаңа өрт сөндіру бөліміне спорт жабдықтарын сыйға тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама