Германиядағы жәрмеңкеде қазақстандық авторлардың 250 кітабы таныстырылды

Қымбат Елтайқызы

Іс-шараға жүзге жуық елдің авторлары қатысып отыр

фото: almaty.tv

Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse-2024 кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, шараға 95 елден мыңнан астам автор қатысып отыр. Ведомство қолдауымен еліміздің баспагерлері үшін арнайы стенд ұйымдастырылып, 250-ден астам кітап ұсынылды.

Халықаралық жәрмеңкеге қоғам қайраткерлері, отандық баспагерлер, аудармашыларды қоса алғанда 30-дан астам отандық өкіл, сондай-ақ «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», ARMAN-PV, Steppe & World Publishing, ASTANA-KITAP сынды ірі баспалар қатысып жатыр.

Қазақстанның Frankfurter Buchmesse-2024 кітап жәрмеңкесіне қатысуы – еліміз үшін маңызды тарихи оқиға. Бұл халықаралық платформа бізге мәдени мұрамызды таныстырып, отандық авторлар мен баспагерлерді әлемдік деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Жәрмеңке аясында қазақстандық басылымдарды таныстырып қана қоймай, болашақта стратегиялық байланыстар орнату үшін маңызды кездесулер әрі келіссөздер өткізуді жоспарладық. Бұл бастама біздің кітап нарығының дамуына, оның жаңа деңгейге шығуына және авторлар шығармаларын әлем бойынша таратуға бірегей мүмкіндік береді, – деді ҚР МАМ архивтер, құжаттама мен кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли.

Frankfurter Buchmesse –  жыл сайын өткізілетін дүниежүзілік ең ірі жәрмеңке. Биылғысы 16-20 қазан аралығында өтеді.