Павлодарда көлік жолаушыларының қауіпсіздігі күшейтілді

Қымбат Елтайқызы

Әсіресе, қоғамдық көлікке мән берілді

фото: Halyq Uni

Павлодар облысында қоғамдық көлікті бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Павлодар облысында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қоғамдық көлік және жүк тасымалдау ережелерінің сақталуын қадағалау күшейтілді.

Бірінші күннің өзінде-ақ құқық қорғау органдары 116 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұл құқық бұзушылықтардың ең жиі кездесетін түрлері – маневр жасау ережелерін сақтамау, жолаушылар мен жүкті тасымалдау талаптарын бұзу, белгіленген жылдамдықтан асып кету, көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану секілді әрекеттер болды, – делінген ақпаратта.

Аймақтық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, бірнеше жүргізуші заңсыз тасымалдау әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Ақсу қаласында жүргізуші тіркелмеген Toyota Alphard көлігімен ұсталды, ал Екібастұзда жүргізуші Volkswagen көлігімен жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны анықталды. Павлодар қаласында болса, Mazda көлігінің жүргізушісі Яндекс қосымшасы арқылы рұқсатсыз жолаушы тасымалдаумен айналысқан.

Қоғамдық көліктерде және қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі облыстық полиция департаментінің жіті бақылауында тұр. Тәртіп сақшылары тасымалдаушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады. Сонымен қатар, тұрғындарға қоғамдық көліктегі қауіпсіздік тек тасымалдаушыға емес, жолаушылардың да өз қауіпсіздік шараларын ұстануына байланысты екенін ескертеді.