Қаланың әлеуметтік нысандары да қамтылды
Қарағанды облысына қарасты Саран қаласындағы барлық үй мен әлеуметтік нысан жылуға қосылды. Жылу көздері қажетті отынмен қамтамасыз етілген. Қаланың барлық өндірістік нысаны өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істейді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазандықтардың, орталық жылу көзінің, сондай-ақ жылу желілері мен әлеуметтік нысандардың жағдайын тексеріп, жедел штаб отырыстарын өткізді.
Қазір резервте тұрған барлық жергілікті қазандықтар дайындалып, іске қосылды. Жылу толық көлемде беріліп жатыр. Біз барлық қазандықта жылу беру температурасын бақылаудамыз. Қосымша қазандықтармен кеңейту қажет болған жерлер де жақын арада кеңейтіледі. Тұрғындар бұрын болған екі қазандық бойынша сұрақ қойды, бұл үйлер басқа жұмыс істеп тұрған қазандықтарға қайта қосылды, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Арнайы комиссия құрылып, оның құрамында энергия қадағалау өкілдері, өңірлік және басқа да ведомство басшылары, ТЖД бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Орталық жылу көзін жөндеу кезінде жабдықтарды жеткізуші зауыттың мамандары шақырылды.
«Біз барлық жылу көзін аралап, жылумен қамту схемасын қалпына келтіру жұмыстарының барысына жеткілікті түрде егжей-тегжей талдау жасадық. Келесі шешім қабылданды: орталық жылу көзі іске қосылғанға дейін қаланы жылумен қамтуды жергілікті қазандықтар қамтамасыз етеді. Барлық әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілген, барлық өндірістік нысан өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істеп жатыр», – деді Сәтқалиев.
Үйлерге жылу беру аяқталып қалды. Жағдай энергетика министрлігі мен облыс әкімдігінің бақылауында тұр.