Студент қыз қылмыстық әрекетін әлі жалғастырып жүр
Павлодар тұрғыны бір-екі апта бұрын 16 жастағы қызын инновациялық көпсалалы колледжі студентінің аяусыз ұрып-соққанын айтты. Ол көпшілік алдында облыс прокуроры мен полиция департаменті басшысынан көмек сұрады, деп хадарлайды Halyq Uni.
Әйел қызын ұрып-соққан күдіктінің әлі бостандықта жүргеніне наразы. Айтуынша, оқиға 5 қазанда болған.
Мен сіздерге жүгінуге мәжбүрмін. Өйткені Талғардағыдай оқиға қайталанады деп қорқамын. Соққының салдарынан қызым бас-ми жарақатын алып, ми шайқалу түрінде денсаулығына зиян келді. Сондай-ақ беті мен басында соққының іздері бар. Бала қазір ауруханада жатыр. Тергеу мүлде жүргізіліп жатқан жоқ. Әзірге бірде-бір куәгерден жауап алынбады. Оқиға орнында камералар болғанымен, бейнежазбалар тәркіленбеген. Арыз жазғаныма екі апта болды. Алайда ешқандай шара қолданылған жоқ. Қызымды ұрып-соққан бойжеткен басқаларға да қол көтерген, бұл бірінші рет емес. Осы істі бақылауға алуларыңызды сұраймын, себебі қыз қылмыстық әрекетін жалғастырып жүр, – деді зардап шеккен жасөспірімнің анасы.
Полицейлер 16 жастағы қыздың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру фактісін растады. Тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Полиция қызметкерлері бұл істі объективті және жан-жақты тергеу үшін қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жарияланбайды, – деп жауап берді облыстық ПД баспасөз қызметі.