Алматының қараңғы көшелеріне жарық шамдары орнатылды
Шаһарда тағы бір қауіпсіздік шарасы қолға алынды
Алматы қаласында жарықсыз қалған 82 учаске жойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, Алматыда бұрын жарық жүргізілмеген учаскелер жойылып жатыр. «Алматы Қала Жарық» (АҚЖ) МКК дерегінше, мониторинг барысында және азаматтардың өтініші негізінде 82 «жарықсыз аймақ» анықталды.
Шаһардың барлық ауданында, атап айтқанда Бостандық ауданында 13 учаскеде, Алмалы ауданында 21 және Жетісу ауданында 11 учаскеде жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ Брусиловский көшесінде 32 шам бағанасы мен Қазыбек би көшесінде 21 бағана орнатылды, – деп қосты ведомство.
Жалпы, жыл басынан бері осындай учаскелерге 400 жаңа шам мен бағана орнатылып, 15 км кабель тартылды. Сонымен қатар, 20 қалалық мектептің айналасына жарық берілді. Мұнда 300-ге жуық жаңа жарық нүктесі орнатылды.