Шығыс Қазақстанда есірткі сататын интернет-дүкен жойылды (ВИДЕО)
Арнайы операция жүргізілді
Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшалары есірткі сататын интернет-дүкенді жойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасымен бірлесіп, Өскеменнің 32 жастағы тұрғынын ұстады.
Ол өзі өсірген марихуана мен гашишті сату үшін танымал мессенджерлердің бірінде веб-сайт пен парақша құрған. Есірткі сатылымын жасырын орындар арқылы жүзеге асырып отырған: төлемді алғаннан кейін күдікті тауарды алдын ала келісілген орындарға қалдырған. Оның жер үйін тінту барысында полицейлер есірткінің әртүрлі түрін өсіруге арналған зертхананы анықтады, – делінген ақпаратта.
Жедел уәкілдер қара нарықта құны 20 миллион теңгеден асатын бір келіден астам есірткі тәркіледі. Сондай-ақ, сақшылар оның заңсыз әрекеттерге қатысы барын дәлелдейтін таразылар, орайтын материалдар мен электронды құрылғылар тапты.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері шығысқазақстандық тәртіп сақшылары өңірге есірткі тасымалдайтын 6 ірі арнаның жолын кесіп, 6 есірткі зертханасын таратып, айналымнан 250 келіден астам есірткіні, оның ішінде 6 келіден астам синтетикалық заттарды тәркіледі.