Биыл Қызылорда облысында 1,3 тонна есірткі тәркіленді
Есірткі қылмысы азаймай тұр
Қызылорда облысының тәртіп сақшылары есірткі қылмысына қарсы күресті үздіксіз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, өңірде жыл басынан бері сақшылар 256 құқық бұзушылықты, оның ішінде 107 есірткі қылмысы мен 149 теріс қылықты анықтады. Заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 48,9 келі марихуана, 324,9 грамм синтетикалық есірткі, 1 келі гашиш тәркіленді. Екі есірткі зертханасы анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде меф және a-PVP синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде тасымалдаудың төрт дерегі анықталып, Қызылорда, Ақмола әрі Ақтөбе облыстарының тұрғындары ұсталды, – делінген ақпаратта.
Полицейлер прокуратура, Amanat партиясының өкілдері және еріктілермен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар граффитилерді жою бойынша ауқымды акция өткізді. 50-ден астам граффити-жазу өшірілді. Әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 141 сайт енгізіліп, бұғатталды.