Түркістан облысында 700-ден аса мектеп директоры біліктілігін арттырады
Шара білім беру процесінің сапасын жоғарылатуға ықпал етуді көздейді
Түркістан облысының 700-ден астам мектеп директоры министрлік мониторингінің қорытындысы негізінде басқару құзыреттілігін арттырады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқу-ағарту министрлігінің өткен жылдың қарашасындағы білім беру ұйымдарының қызметін кешенді талдау және бағалау қорытындысы бойынша Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарының, сондай-ақ Арыс және Түркістан қалаларының мектептерінде заңбұзушылықтарды жою және білім беру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Түркістан облысында жүргізілген кешенді мониторинг негізгі 8 критерийді қамтыды, оның ішінде білім беру ұйымдарының кадрлық құрамы да бар. Қазір «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы халықаралық сарапшыларды тарта отырып, өңірлерден 767 басшының біліктілігін арттыру және басқару құзыретін дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұл шара білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзыретін арттыруға мүмкіндік береді және білім беру процесінің сапасын жоғарылатуға ықпал етеді. Бүгін Түркістан облысында 1 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңарту мен қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Сапалы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру үшін міндетті нормативтік тізбе тиісті сәйкестікке келтірілді, – деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Эльмира Кадимова.
Сонымен қатар, педагогикалық құрамның сапасын арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен ынтымақтастық орнатылды. Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар оқушылардың академиялық көрсеткіштерін арттыруға, білім ұйымдарындағы жалпы ахуалдың жақсаруына және мектеп, ата-ана мен қоғам арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.