Жалған ақпарат бергендер жауапқа тартылады – Бектенов жылусыз қалған Саран туралы
Тексеріс материалдары құқық қорғау органдарына жіберіледі
Премьер-министр Олжас Бектенов Саран қаласындағы істен шыққан жылу қазандығы туралы жалған ақпарат бергендер жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысында Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қаладағы жағдай туралы есеп берді.
Саранда 4 жаңа қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде температура 55 градус болды. 13 қазанда қазандық ақауға байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақау шығуына байланысты жылумен жабдықтауда резервті схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үйді резервті жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын. Бүгін кешке дейін барлық үйге жылу беріледі, - деді облыс әкімі.
Олжас Бектенов өңірдегі шенеуніктерге ескерту жасады.
Бәрін бүгін аяқтау қажет. Бұл – Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Қазір менің тапсырмам бойынша тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамның барлығы жауапкершілікке тартылады, - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Саран қаласына барып, бәрін тексереді.
«Нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыс құрамы бар болса, кінәлі адамның бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді премьер-министр.