Алматы мектептері мен балабақшаларының қауіпсіздігі онлайн режимде де бақыланатын болды

Қымбат Елтайқызы

400-ден астам мекеме ортақ бақылау жүйесіне қосылды

фото: polisia.kz

Алматы полициясы өз қызметіне заманауи бейнебақылау және бейне талдау технологияларын енгізуді жалғастыра отырып, қоғамдық тәртіп пен балаларды қорғау саласында елеулі қадам жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар TargetEYE платформасына қол жеткізіп, оқудан өтті. Бұл Алматы қаласындағы мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздікті бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Алматыда бірыңғай бейнебақылау жүйесін енгізудің арқасында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар өз жұмыстарында тағы бір таптырмас құралға ие болды. Енді әрбір инспектордың оқу орындарында орнатылған камераларды жылдам қарауға, бейнежазбалар мұрағатына және бейнесараптама оқиғаларына қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұл үздіксіз бақылауды және болған оқиғалар мен азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Алматы қаласы әкімдігі елімізде алғаш рет 2024 жылы мемлекеттік білім беру және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде «Бірыңғай қауіпсіздік жүйесі» жобасын сәтті жүзеге асырды. 400-ден астам мектеп пен балабақша ПД-ның Жедел басқару орталығына қосылған цифрлық камераларымен, бейнефондармен, турникеттер, дабыл түймелерімен жабдықталды. Күзет және өрт дабылдары да енгізілді. Қауіпсіздік жүйесінің барлық элементі біртұтас қауіпсіздік экожүйесіне біріктірілген. Білім беру ұйымдарының бүкіл аумағын қамтитын 22 000 камера деректерді бірыңғай бейнебақылау жүйесіне нақты уақыт режимінде жібереді. Орталықтандырылған басқару және деректерді талдау инспекторларға нақты уақыт режимінде не болып жатқанын бақылауға, негізгі аналитикалық көрсеткіштер бойынша ақпарат алуға мүмкіндік береді – көп адамдардың шоғырлануынан және ықтимал төбелестерден бастап дереу араласуды қажет ететін күдікті жағдайларға дейін. Мәселен, жүйе республикалық іздеуде жүрген адамдарды анықтап, олардың мектепке кіргенін тіркей алады, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Полиция бастығының айтуынша, платформа бет-әлпеттер мен оқиғаларды автоматты түрде тану үшін жасанды интеллекттің жетілдірілген алгоритмдері мен бейне-аналитикалық модульдерді пайдаланады, бұл жауап беру процесін жылдамдатады.

«Алгоритмдер күдікті адамдарды олардың кескінінің бөліктері немесе кескіндері бойынша (мысалы, бетперде немесе көзілдірікпен жасырылған жағдайда) анықтауға, сондай-ақ білім беру ұйымдарының аумағындағы күдікті жағдайларды тануға қабілетті. Бұл балалар мен жасөспірімдердің өміріндегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға, олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ инспекторларға адамдардың жаппай шоғырлануын бақылауға, төбелес немесе басқа қақтығыстар сияқты ықтимал қауіпті жағдайларға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Картаграфиялық қызметпен интеграция нақты уақыт режимінде күдіктінің бағытын құруға және басқа полиция қызметтерімен әрекетті үйлестіруге мүмкіндік береді», – деді Заппаров.