Астанада 4 адам 19 жастағы жігітті 9-қабаттан лақтырып жіберген
Балам темекі шекпейтін, ішпейтін, академияда оқыды, - дейді анасы
Астанада көпқабатты үйдің қасынан 19 жастағы жігіттің денесі табылды. Марқұмның анасы әлеуметтік желіде осы жайтқа байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әйелдің айтуынша, ұлын 4 адам өлтіріп, 9-қабаттан лақтырып жіберген.
Заң қайда? Бұлай жалғаса берсе, елімізде жастар қалмайды. Төрт балам бар. Балам темекі шекпейтін, ішпейтін, академияда оқыды. Қазір оны ішкендей етіп көрсеткісі келеді. Мені ешкім тыңдамайды. Қылмыскерлердің заң бойынша жазаланғанын қалаймын, - дейді марқұмның анасы.
Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 102-ге ер адамның өлі табылғаны туралы хабар 13 қазанда түскен. Өлім дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Полицейлер оқиға орнына келіп, қаза тапқан адамның кім екенін анықтады. Алматы ауданының полиция басқармасы адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, - делінген хабарламада.