Тексеру барысында мекеме тарапынан жасалған заңбұзушылықтар анықталды
Оралда ауруханада қайтыс болған кейуананың ұлы 2 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, 2019 жылы жедел жәрдем бригадасы дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздікпен 76 жастағы әйелді Орал қалалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер созылмалы бронхит пен пневмония диагнозын қойып, терапия бөліміне жатқызған. Ем нәтиже бермей, науқастың жағдайы ауырлаған. Компьютерлік томография науқаста плеврит ауруының болу мүмкіндігін көрсеткен. 4 аптадан кейін науқастың жағдайы нашарлап, ол облыстық ауруханаға жеткізілген, артынша ол сол жерде қайтыс болған.
Қайтыс болған әйелдің ұлы Денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлердің салғырттығы мен тиісті ем қабылдамағаны туралы шағыммен жүгінген, тексеру барысында аурухана тарапынан заңбұзушылықтар анықталған.
Тексеру материалдары Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне жолданып, қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты бірнеше рет тоқтатылып, прокуратура күшін жойған, – делінген іс құжаттарында.
Денсаулық сақтау басқармасы қалалық аурухананың қарсылығын қабылдамағандықтан, марқұмның ұлы ауруханадан моральдық шығынды өтеу туралы Орал қаласының №2 сотына арызданған. Ол анасының өліміне сапасыз медициналық көмек пен қалалық аурухана дәрігерлерінің әрекетсіздігі себеп болғанын атап өткен.
Сондай-ақ, талап қоюшының анасы емделіп жатқан аурухананың терапия бөлімінде жалпы практикалық дәрігердің куәлігі бар маман жұмыс істегені, оған құқығы жоқ екені туралы факт анықталды. Сарапшы науқастың жасы мен оның созылмалы ауруларының болуы ескерілместен дәрі-дәрмек тағайындалғанын, оның ішінде бүйректің жедел зақымдануын туындатқан антибиотиктер берілгенін анықтады. Тиісті бактерияға қарсы препараттар мен гемодиализді енгізу науқастың өмірін ұзартуы мүмкін еді деген қорытынды жасалды.
Сот медициналық құжаттарды, сарапшылық қорытындыларды және тексеру актісін ескере отырып, дер кезінде қайталама сынақтар өткізбеу, науқастың жағдайын дұрыс бағаламау, емдеуді кеш түзету, нефрологтың кеңесінің уақытында болмауы мен консилиумның кеш жүргізілуі аурудың нәтижесіне әсер еткенін және өлімге әкеліп соққанын анықтады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде талап қою ішінара қанағаттандырылды: талап қоюшының пайдасына ауруханадан 2 млн теңге моральдық шығын өндірілді, – делінген сот хабарламасында.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.