«Төбелеске дейін барды»: Астана базарында шу шықты (ВИДЕО)

Халық үні

Павильон иесі видеоның жазда түсірілгенін айтады

Коллаж Halyq Uni

Астанадағы «Ұлжан» базарының ет павильонында дау шықты. Сол жерді жалға алып сауда жасап отырған кәсіпкер редакциямызға видео жолдап, павильон ішінде санитариялық талаптар сақталмағанын жеткізді. Оның сөзінше, ет сататын жер бірнеше айдан бері жуып тазаланбаған. Halyq Uni тілшісі кәсіпкермен, базардағы орынды жалға беретіндермен де сөйлесті.

Редакцияға хат жолдаған астаналық Гүлзада Акраманова базардың 10 күнге жөндеу жұмыстарына жабылғанын айтады. Бұған әлеуметтік желіде жариялған видео себеп болған.

6 жылдан бері базарда ет сатамын. Алғашқы жылында жалға берушілерге санитариялық талаптарды қалай сақтау керек екенін айтып отырдым. 5 жылдың ішінде бір рет те жуылмады, жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Сауда жасап тұрған жеріміз болған соң ет павильоны иесі Әлия Шайхиннен қоқысты тазалап кетуді сұраймыз. «Жұмысың болмасын» деп жауап береді. Мені базардан кетірмек болды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң да сол жерде сауда жасай беремін. Базар директорымен сөйлестім, - дейді Гүлзада.

Айтуынша, базардағы тазалық мәселесі бұған дейін де көтерілген.

«Бұл мәселені көтердік, жалға алушылар төбелеске дейін барды. Өзім тұрған жерді сүртіп аламын, басқа жерді жууға міндетті де емеспін. Павильон іші антисанитария. Жуып тазалайтын кісіге 70 мың теңге төлейді, ол кісі үш күнде бір рет келеді. Ал ет сатылатын жер күнде жуылуы керек. Соны айтқаным үшін жақтырмай қалды», - дейді әйел.

Оның сөзінше, павильон шатырынан күз-көктем арасында су ағып тұрады.

Ал павильон иесі Әлия Шайхиннің айтуынша, жөндеу жұмыстары бірнеше күн бұрын басталған. Әйел оған әлеуметтік желіде жарияланған видеоның қатысы жоғын, бәрі жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жуып-тазалайтын күні таңертең ерте келіп түсірген екен. Ай сайын бір рет тазалық жүргізіледі. Видеоны түсірген кісі маған 4-5 млн теңге қарыз. Сол ақшамды қайтаруын сұрағаннан кейін бәлеге қалдым. Ол үнемі «видео түсіріп жариялаймын» деп қорқытады. Базар 4-5 күннен бері жабық тұр. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жұмыс басталып кетті. Әлеуметтік желідегі видеоны жазда түсірген. Бір сөзге келіп қалғанымызда видео түсіріп алыпты, қарызымды сұрағаннан кейін дайындап қойған видеосын жариялаған. Тағы 10-15 күн бойы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс көп, - дейді Әлия Шайхин.

Павильон иесі нысанға ай сайын тексеру жүргізілетінін айтады. Ол барлық талапты сақтап отырғанын жеткізді.