Ерлер немесе әйелдер көп шеге ме?
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы Қазақстанда ересектердің темекіні тұтынуы туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылдың шілдесінде Ұлттық статистика бюросы ересек тұрғындар арасында темекіні тұтыну жайлы кезекті жыл сайынғы зерттеу жүргізді. Сауалнама республиканың барлық өңірін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Оған 15 жастан асқан 11824 үй шаруашылығының бір мүшесі жауап берді.
Зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқан үй мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 20,7% (2023 жылы – 20,4%) немесе ерлердің – 39,8%, әйелдердің – 7,6% темекі шегеді. Ауылдық жерлерде темекі тартатындардың үлесі 22,3%, қалалық жерлерде – 20% құрады. Темекі шегетін халықтың жалпы санының 83,7% өнеркәсіпте жасалған темекіні шегеді. Өңірлер арасында темекі шегушілердің ең көп үлесі Шығыс Қазақстан облысында (27,6%) тіркелді, – деп мәлімдеді бюро.
Үйде темекі түтінінің әсеріне жалпы халықтың 9,2% ұшырайды, оның ішінде 8,5% темекі шекпейтіндер, жұмыста темекі түтініне халықтың 6,6% ұшырайды, оның ішінде 6,2% – темекі шекпейтіндер. Қоғамдық тамақтану орындарында сауалнамаға қатысқан респонденттердің 11,5% темекі түтініне ұшырайды, оның 10,9% – темекі шекпейтіндер.
Темекі өнімдерін шегу ауру тудырады деп есептейтін респонденттердің үлесі 85,8% құрайды, сонымен бірге отбасы мүшелерінің темекі өнімдерін тұтынуына қарсы болған респонденттердің үлесі небәрі 4,6%. Барлық жерде темекі шегуге толық тыйым салатын заңнамалық бастамаларды енгізуге сауалнамаға қатысқан респонденттердің 72,2% қолдау білдірген.