Кеше кешке мейрамхана отқа оранған еді
ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері өрт шыққан мейрамханадан азаматтарды алып шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, 12 қазан күні сағат 20.00 шамасында елордада Есіл жағалауындағы мейрамханалардың бірінен өрт шықты. Ұландықтар азаматтарды аман алып шықты.
Сол маңда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары оқиға орнына алғаш боп жетті. Капитан Д.Бакен бастаған әскери жасақ жауынгерлері бірден мейрамхана қызметкерлерін қауіпсіз жерге шығарды. Дереу өрт сөндіру қызметіне және құқық қорғау органдарына хабар берді. Бұл уақытта өзге жасақтар уақыт жоғалтпай асүйге өтіп, жарылыстың алдын алу мақсатында газ баллондарды да өрттен қашық жерге алып шықты.
Қала көшелерінің тыныштығын қамтамасыз ету кезінде Мәмбетов көшесі 3 мекенжайында орналасқан мейрамханадан шыққан түтінді байқадық. Патрульдік топ бастығы Жансүгіровтің басшылығымен, әскери жасақтар өрт аумағын қоршауға алып, тиісті шараларға кірісті. Оқиға орнына өрт сөндіру тобын шақырдық. Олармен қатар тәртіп сақшылары да жұмыс істеді, – дейді Ұлттық ұлан офицері.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Зардап шеккендер жоқ.